Зайырлы мемлекет – бұл тек дін мен мемлекеттің бөлінуі емес, адамның ар-ождан бостандығын, ой еркіндігін, сенім құқығын қорғайтын қоғамдық жүйе. Мұндай мемлекетте әр азаматтың құқығы мен бостандығы тең. Ол қандай дінді ұстанса да, тіпті дінді ұстанбаса да, заң алдында бәріне бірдей кепілдік беріледі. Бұл – әділетті әрі бейбіт қоғам құрудың негізі.
Әлемде зайырлылықты ұстанып отырған мемлекеттер аз емес. Солардың бірі – Канада. Бұл елде мемлекет ешқандай дінмен байланыспайды, бірақ кез келген дінге құрметпен қарайды. Жергілікті билік адамдардың сенім еркіндігіне араласпайды, керісінше, олардың діни рәсімдерін орындауға жағдай жасайды. Осылайша дін өкілдері бір-біріне кедергі келтірмей, өзара түсіністікпен өмір сүруде. Зайырлылық – елдегі қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық теңдіктің басты кепілі екенін дәлелдеді.
Қазақстан да өз даму жолында зайырлы қағидатты берік ұстанып келеді. Ата заңымыздың алғашқы бабында еліміз өзін зайырлы, құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде жариялаған. Бұл – мемлекеттің азаматтарға олардың дініне, ұлтына, көзқарасына қарамастан тең қарайтынын білдіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда көптеген діни конфессиялар жұмыс істеп жатыр: мешіттер мен шіркеулер, синагогалар мен басқа да ғибадатханалар елдің әр түкпірінде қызмет етуде. Олардың бейбіт өмір сүруі – зайырлы саясаттың нақты көрінісі.
Зайырлы мемлекет дінді қолдамайды деген түсінік – қате. Керісінше, ол барлық дінге бейтарап қарап, ешқайсысын артық санамай, барлығына бірдей мүмкіндік береді. Мұндай саясаттың мақсаты – діни алауыздықты болдырмау, қоғамда татулық пен тұрақтылықты сақтау. Әсіресе жастардың діни сауатын дұрыс бағытта қалыптастыру маңызды. Қазір әлемде жалған діни ағымдардың жетегіне еріп, қиындыққа душар болған адамдар аз емес. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мемлекет пен қоғам бірігіп әрекет етуі қажет.
Қазақстан зайырлы қағидаттарды халықаралық деңгейде де насихаттап келеді. Мәселен, елімізде бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті. Бұл форумда түрлі дін өкілдері бейбітшілік, келісім және өзара құрмет тақырыптарын талқылайды. Мұндай іс-шаралар еліміздің рухани кеңістіктегі ашықтығы мен төзімділігін танытады.
Зайырлылық – жай ғана заң талап ететін ереже емес. Ол – әр азаматтың еркін өмір сүруіне, жеке сенімін қорғауға, және қоғамдағы әділеттіліктің орнауына жағдай жасайтын құндылық. Егер қоғам мүшелері бірін-бірі түсініп, сенімі мен көзқарасына құрметпен қарай білсе, онда елде тыныштық пен тұрақтылық сақталады. Ал бұл – кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің негізі.
Зайырлы мемлекетті сақтау – тек билік пен заң органдарының емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Бұл – біздің ортақ үйіміздегі бейбіт өмірдің кепілі.
Н.Қалқаман,
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі
Всего на сайте опубликовано 67133 материалов.
Посетители оставили 247353 комментариев.
В среднем по 4 комментариев на материал.