Сыни тұрғыдан ойлау – бүгінгі қоғамның ең құнды дағдысы. Ол тек білімнің өлшемі емес, еркіндіктің, саналы таңдау жасаудың, азаматтық ұстанымның тірегі. Алайда дәл осы қасиеттің бағасы артқан тұста оған қарама-қарсы күштер – догматизм мен манипуляция да күшейіп келеді. Бірі адам санасын қасаң қағидаларға байлап тастаса, екіншісі көзге көрінбейтін жіппен ойды, пікірді, тіпті мінез-құлықты басқаруға ұмтылады. Осындай аласапыран дүниеде сыни ойлау – біздің ішкі қалқанымыз, адаспайтын шамшырағымыз.
Сыни тұрғыдан ойлау адамды кез келген ақпаратқа бей-жай қарамай, оның шынайылығын, дәлдігін, астарындағы ниетін саралауға үйретеді. Бұл – шындыққа барудың ең әділ жолы. Бүгінгі ақпарат тасқыны өрістеген шақта әлеуметтік желідегі жазбалар, түрлі жанрдағы бейнероликтер, тіпті жасанды интеллект құрастырған мәтіндердің өзі санаға қысым жасайтын құралға айналып келеді. Бір қарағанда, бәрі дұрыс, бәрі сенімді секілді көрінгенімен, оның артында үлкен ықпал тетіктері жасырынып жатады. Міне, дәл осындай жағдайда сыни ойлау адамды адаспайтын, біреудің сөзіне ермейтін, өз ұстанымын жоғалтпайтын тұлға етіп қалыптастырады.
Ал догматизм керісінше әрекет етеді. Ол – адамның ойлау кеңістігін тарылтатын, пікір алуандығын жоққа шығаратын, жаңа идеяны үреймен қабылдататын құбылыс. Догматизмнің табиғаты – өзгерісті мойындамау. Ол қоғамды тоқырауға ұрындырады, жеке тұлғаның дамуына кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, догматизм кейде дін, дәстүр, идеология немесе “солай болуы тиіс” деген көзқарас арқылы бүркеніп, ақиқат секілді көрініс табады. Осындайда сыни ойлау – адамға өз ойын қорғауға, өз жолын табуға мүмкіндік беретін күш. Ол адамды кез келген қатып қалған қағидадан жоғары қойып, еркін ойлауға шақырады.
Манипуляция да заманауи қоғамдағы елеулі қауіптердің бірі. Ақпараттық технологиялардың дамуы оны бұрынғыдан да күрделі әрі бағдарлауы қиын құбылысқа айналдырды. Жаңалық атаулы бір сәтте таралады, өтірік пен шындықтың ара-жігін ажырату қиындайды, қоғамды белгілі бір бағытқа бұрудың тәсілдері кәсібиленіп, эмоцияны басқарудың психологикалық тетіктері күшейді. Адамдар бір қарап тұрған видеосынан кейін, бір оқыған пікірінен соң ойы өзгеріп, шешім қабылдап жатады. Манипуляторлар үшін бұл – мүмкіндік. Ал сындарлы ойлай алатын адам үшін бұл – қауіптің өзі емес, оның алдын алар белгі. Себебі сыни ойлау адамды сезімге емес, логикаға сүйендіреді. Ол аргументті талдайды, фактілерді салыстырады, дәлелдің беріктігін тексереді, эмоцияның жетегімен шешім қабылдамайды.
Сыни тұрғыдан ойлау тек интеллектуалдық қабілет емес, ол – мәдениет. Саналы қоғамның мәдениеті. Әр адам ақпаратты сүзгіден өткізіп үйренсе, әр пікір дәлелмен айтылса, әр әрекет жауапкершілікпен жасалса, қоғам да мықты, мемлекет те тұрақты болады. Тұрақтылықтың негізі – білімді, ойлы, тәуелсіз пікірлі азамат. Ал мұндай азаматты қалыптастыратын – дәл осы сыни ойлау.
Сыни ойлаудың тағы бір маңызды миссиясы – фанатизмге, жалған насихатқа, қауесетке қарсы тұрған күш болуы. Адамдардың бір бөлігін астыртын сендіру, оларды “ақиқаттың жасырын жолы бар” деген іліммен азғыру – манипуляторлар мен радикалды топтардың ең жиі қолданатын амалы. Ондайда олар адам санасындағы әлсіз жерді тауып, оған қорқыныш, сенім, үміт секілді эмоцияларды шебер байланыстырады. Бірақ сындарлы ойлайтын адам үшін мұндай тұзақтың пәрмені шамалы. Себебі ол ақпараттың қайдан шыққанын, неден құралғанын, не мақсатты көздейтінін талдай біледі. Бұл қабілет – қауіпсіз қоғамның басты кілті.
Догматизм мен манипуляцияның күшейген заманы – біздің еркіндікке деген құштарлығымызды, ақиқатқа деген адалдығымызды нығайта түседі. Себебі әр адам өз ойын қорғауды, өз ұстанымын дәлелдеуді, шындықты табуды үйренбейінше, қоғамда толық әділет орнамайды. Сыни ойлау – сол әділетке апарар жол. Ол бізді шындыққа жақындатады, ақпараттық соғыстардың құрбаны болудан сақтайды, кез келген пікірдің артындағы мақсатты көруге үйретеді.
Демек, сыни ойлау – жай ғана дағды емес, өмір сүру қағидасы. Ол бізді догматизмнің шектеуінен, манипуляцияның құрсауынан қорғайтын қалқан. Бүгінгі күрделі әлемде әрбір адамның ойы — оның ең мықты қаруы. Сол қаруды өткір ету – уақыт талабы.
Н.Қалқаман,
Облыстық АТТ мүшесі