Жалған уағызшылардың ең қауіпті қаруы – адамның жанын да, ақылын да өз билігіне бағындыру. Олар сырттай дінге, руханиятқа, ар тазалығына шақырып тұрғандай көрінгенімен, ішкі мақсаттары – адамның еркін ойлау қабілетін әлсірету, оның ішкі дүниесіне еніп, өзіне тәуелді ету. Бұл үдеріс ешқашан бір сәтте болмайды. Ол баяу, көзге көрінбейтін, бірақ рухани құрылымды түбегейлі шайқалтатын әдістермен іске асады. Осындай “рухани манипуляцияның” қадамдарына үңілсек, олардың айласы қандай терең, ал залалы қандай ауыр екені ашыла түседі.
Жалған уағызшының ең әуелі соғатын соққысы – қорқыныш сезімі. Адамның жүрегінде қандай әлсіздік барын олар өте жақсы біледі: денсаулық жайлы уайым, отбасындағы қиындық, жұмыссыздық, жалғыздық, өмірдің мәнін жоғалту… Осының бәрі – манипуляторлар үшін ең ыңғайлы “есік”. Олар адамға «сенің барлық мәселеңнің шешімі бізде» деп сендіріп, оның санасына үрей ұрығын себеді. Үрей күшейген сайын ақыл әлсірейді, сана тұманданады, логика жоғалады. Осылайша адам шындықты емес, қорқынышты жеңу үшін соның соңынан ереді. Бұл — жанды бағындырудың бірінші баспалдағы.
Екінші әдіс – жалған мейірім арқылы эмоционалдық тәуелділік қалыптастыру. Уағызшы адамның жан жарасын жазғандай болып, оған ерекше қамқорлық көрсетеді. Басында бұл – жанға жылу беретіндей әсер қалдырады. Алайда бұл – удың тәтті қабығы ғана. Уақыт өтсе, адам өзіне көңіл бөлетін, оны тыңдайтын, түсінетін жалғыз орта осы топ деп ойлайды. Оның жүрегінде топқа деген тәуелділік пайда болады. Ал жүрегі байланған адамның ақылын иемдену – ең жеңіл әрекет.
Үшінші тәсіл – ақпаратты бұрмалау және жалған “ақиқат” ұсыну. Олар күрделі діни мәселелерді тым қарапайым, бірақ бұрмаланған түсінікпен береді. “Біз айтқан – жалғыз жол, біз көрсеткен – жалғыз шындық, қалғаны – адасу” деген ұстаным қалыптастырады. Адам сұрақ қоюдан қысылады, ойланудан қорқады, қарсы пікір айтуға батпайды. Оның сыни ойлауы өшеді. Ақылдың шамшырағы сөнгенде, адамға кез келген жалғандық ақиқат секілді көрінеді.
Төртінші әдіс – адамды қоғамнан, отбасынан және қоршаған ортасынан оқшаулау. Жалған уағызшылар өз тобының мүшелерін “таңдаулылар”, “шын сенімге ие болғандар” ретінде көрсетеді. Ал сырттағы адамдар “адасқандар” немесе “кедергі келтіретіндер” ретінде сипатталады. Осылайша адам достарынан алыстап, ата-анасынан безініп, бұрынғы өмірін бөтен деп қабылдай бастайды. Әлеуметтік байланыстар үзілген сайын оның жалғыз тірегі – манипуляторлар тобы болып қалады. Бұл – жанның ең нәзік жеріне жасалған соққы.
Бесінші тәсіл – кінә, ұят және қорқынышты құралға айналдыру. Жалған уағызшылар адамды үнемі “жеткіліксіз сенім”, “күнә”, “енжарлық”, “бұрыс әрекет” деген айыптармен ұстап тұрады. Адам өзін үнемі кем сезініп, тіпті болмашы нәрсеге қорқақтайды. Кінә – адамның рухын әлсірететін ең ауыр жүк. Осы жүктің астында қалған адам өз пікірін жоғалтады, өз еркінен айырылады.
Алтыншы тетік – қаржылық және тұрмыстық тәуелділік құру. Кейбір жалған топтар материалдық көмек көрсету арқылы адамды өзіне байлайды. “Біз саған көмектестік, енді сен бізге берілген болуың керек” деген ойдың қалыптасуы – тәуелділіктің ең берік түрі. Материалдық тәуелділік адамның рухани тәуелдігін бірнеше есе күшейтеді.
Жан дүниесі бұзылғанда адам бұрынғы өз “менінен” алыстайды. Оның ойы әлсірейді, ерік-жігері жоғалады, жеке ұстанымы жойылады. Ол енді ақпаратты талдап қабылдай алмайды, тек берілген бұйрықпен жүреді. Ең қауіптісі – бұл өзгерісті өзі сезбеуі.
Сондықтан жалған уағызшылардың ықпалынан қорғанудың жалғыз жолы – сыни ойлау, діни сауат, жоғары мәдениет, саналы орта. Адам неғұрлым ойланатын, зерттейтін, сұрақ қоятын, білімге жүгінетін болса – соғұрлым рухани тұзаққа түсуден алыс болады. Сыни ойлау – тек ақылдың емес, жанның да қорғаны. Ол адамды өз ойын жоғалтпай, өз өмірін өз қолында ұстай алатын тұлғаға айналдырады.
Жалған уағызшыдан қорғаудың ең мықты қалқаны – еркін сана. Еркін ойлаған адамды ешкім бұза алмайды, ешкім басқара алмайды, ешкім адастыра алмайды.
Н.Қалқаман,
Облыстық АТТ мүшесі
Всего на сайте опубликовано 68880 материалов.
Посетители оставили 247382 комментариев.
В среднем по 4 комментариев на материал.